Халыққа жаңалықтар

Сәтпаев көшесінде су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде

Бүгін «Астана су арнасы» мамандары Сәтпаев көшесі, 11/3 мекенжайында инвестициялық бағдарлама аясында тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыстың негізгі мақсаты – елорда тұрғындарын сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Су құбырларын ауыстыру жұмыстары XCMG-360 көлденең бағытта бұрғылау техникасының көмегімен жүзеге асырылуда. Бұл техниканың ерекшелігі – жердің беткі қабатын бұзбай, белгілі бір тереңдікте орналасқан өзге коммуникацияларға зақым келтірмей, қажетті деңгейде құбыр жүргізуге мүмкіндік береді. Жұмысты орындауға құрылыс-жөндеу учаскесінің бригадасы, сондай-ақ экскаватор, бара және су тасығыш техникалар жұмылдырылған. Жоба аясында диаметрі 225 мм болатын құбырдың 100 метрлік бөлігін тарту жоспарлануда.